Білім

Жаңа жылда — жаңа пән

Келесі 2010-2011 жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру мекемелерінде «Өзін-өзі тану» пәні енгізіледі. Осыған орай  сейсенбі күні облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен бірігіп баспасөз конференциясын өткізді.

Елімізде «Өзін-өзі тану» пәнінің жобасы 2001 жылдан бастап қолға алына бастады әрі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігің басшылығының толық қолдауына ие болды. Сол уақыттан бері еліміздің барлық облыстарында балабақшалар мен мектептерде, жоғары оқу орындарында аталмыш пән тәжірибеден өтіп келеді.

Біздің өңірімізде «Өзін-өзі тану» пәнін оқытып жатқан эксперименталдық білім ошақтарының саны — 17. Олардың 10-ы — Ақтөбе қаласында болса, 7-еуі — аудандарда. Олардың құрамында  4 балабақша, 10 мектеп, 1 балалар үйі, 2 жоғары оқу орны бар.

Бұл пәнге оқушылардың да, ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Себебі, өзін-өзі тануға бағытталған сабақта балалар пікір алысады, ой бөліседі, жобалайды, моделдейді, сурет салып, ән айтады және баланың өз «Мені» жетіле түседі. Өз ойларын еркін айтуға, бір-біріне тек жақсылық ойлап, көмектесе білуге, жылы сөйлеуге тәрбиелейтін пәннің мазмұны жаратылыстану бағыты мен әлеуметтік-гуманитарлық пәндерге бағытталған.

Келер оқу жылында барлық білім ошақтарына пән ретінде енгізілетін «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулықтары дайын, — дейді облыстық балалардың құықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова.

Ал облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры Шолпан Көбенованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін өңірімізде 597 мұғалім аталмыш пәннің курсынан өтіп үлгерген. Облыстың үш түлегі былтырғы жылдан бастап  «Бөбек» орталығының қарауындағы колледжде білім алуда.

Конференцияда сөз алған №17 мектептің «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Алтынай Қонақбаева бұл пәннің ерекшеліктеріне тоқталды.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button